КЕЙІПКЕР, персонаж-

lat: KEIİPKER, personaj

көркем шығармада суреттелетін уақиғаға қатысты адам. Жазушы адамның көркем бейнесін суреттегенде, оның кескін-келбетін, іс-әрекетін, мінез-құлқын, ол өмір сүрген ортаның, дәуір-заманның өзгешеліктерін танытатын сипаттармен қатар, өз басына ғана тән ерекшеліктерін жүріс-тұрысын, сырт келбетін, сөйлеу мәнерін нақты етіп көрсетеді. Сондықтан қоғамдық өмірдің ішкі сырын, мән-мағынасын ашып беру үшін К-дің дара, жеке іс-әрекеті мен мінез- құлқын да дәл, айқын етіп суреттеу аса қажет. Демек көркем бейнеге типтік және даралық сипат-ерекшеліктер екіұдай, екі бөлек, екі дара көрінбеуі тиіс. Мысалы, роман-эпопеяда аса көп, сан түрлі К-лер бар. Олардың ешқайсысы бір-біріне мүлде ұқсамайды, бөлек, дара бейнеленген. Ал типтік бейне ретінде жасалған басты К-лер өзгелерден анағұрлым биік, асқақ тұр. Сондай-ақ Айдакым (атшабар), Акишан (имам), Ақжол (ауыл адамы), Ахметжан (хазірет), Алдоңғар (Бура руынан), Әлі (Бәсентиін руынан), Әліпбек (жүкші), Әшімқожа (хазірет), Ермек (балықшы), Естай (қайықшы), Жайнақ (жұмысшы), Жарқымбай (Оразбайдың ұрысы), Жәпек (жүкші), Захар Иванович (слесарь), Исак (жүкші), Кәріпжан (Әйгерімнің күтушісі), Кәріпжан (ұсақ саудагер), Керала (темір ұстасы), Қайнарбай (ұсақ саудагер), Қаптағай (бай адам), Қарпық (атшабар), Қасен (жас бала), Қасымжан (Оразбайдың баласы), Қоңырбай (ұсақ саудагер), Қоске (ауыл адамы), Құлайғыр (Оразбайдың барымташысы), Құсақ (жүкші), Маңғаз (ауыл жігіті), Мәтелі (бай), Сәлімжан (Жәбікеннің баласы), Сүлеймен (Семей адамы), Тоқбай (отыншы), Торғай (ауыл адамы), Хасейін (Оразбайдың баласы), Ысмағұл (Ерболдың баласы) т.б. романда бір-екі рет аталғанмен, кейіпкер дәрежесіне көтеріліп суреттелмеген. Ал жалпы адам аттары 800-ге жуык. Бұлардың ішінде есімдері бір-екі аталғандардан басқалары тиісті дәрежеде суреттеліп, шынайы кейіпкерлер дәрежесіне жеткен. Бірақ үлкен-кішілі бейнелер түгелдей өзара сабақтасып келіп, ұлы Абай бейнесімен ұштасады. Олар әр алуан арқаулар арқылы Абай жүрегімен жалғасын табады. Өйткені ақын өмірі романдағы құбылыстардың бәрімен не тікелей, не жанама түрде байланысады, қатысып жатады. Өйткені ең басты кейіпкер Абаймен жалғаспайтын бірде-бір көрініс жоқ. Жалпы кейіпкер ретінде қатысқан адам саны 450 шамасында.